11 / 45 · 0%
11 / 452 мин

Ұрлық пен өсек

11-қара сөз · Ұрылардың арасындағы ұрылар


Осы елдің үнем қылып жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі – ұрлық. Ұры ұрлықпен мал табам деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші – бұзақылар біреудің ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың, бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек болып жүр. Кім азса, мен соған керек боламын деп, к… қыздырып алып, өзін бір ғана азық қылайын деп жүр.

Ұлықтар «пәлі-пәлі», бұл табылған ақыл деп, мен сені бүйтіп сүйеймін деп, ананы жеп, сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны жеп жүр. Қара халық менің сонша үйім бар, сонша ауыл-аймағыммен сойылыңды соғайын, дауыңды айтайын деп, қай көп бергенге партиялас боламын деп, құдайға жазып, жатпай-тұрмай салып жүріп басын, ауылын, қатын-баласын сатып жүр.

Осы бір ұры, бұзақы жоғалса, жұртқа ой да түсер еді, шаруа да қылар еді. Бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел секілденіп талапқа, тілеуге кірісер еді.

Енді жұрттың бәрі осы екі бүлік іске ортақ, мұны кім түзейді? Анттың, серттің, адалдықтың, ұяттың бір тоқтаусыз кеткені ме? Ұрыны тыю да оңай болар еді, бірақ осы бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?

0 Келесі сөз12. Түсінікпен иман ету

Түсіндірме

11-қара сөз · Ұрылардың арасындағы ұрылар

Негізгі ой

Абай ел «үнем қылып жүрген» екі нәрсені атайды: ұрлық пен бұзақылық. Бүкіл ел осы екі бүлікке ортақ болып, адалдық пен ұят кетіп барады.

Қарапайым тілмен

  • Ұры ұрлықпен мал табам деп жүр, мал иесі артылтып алып байимын деп жүр, ұлықтар екі жақты да жеп жүр.
  • Қарапайым жұрт та ұрлық айтып, ұрыға атын сатып, ұрлықты арзанға түсіріп пайда іздейді.
  • Бұзақылар байлардың ойында жоқ пәлені ойына салып, бек боласың, кек аласың деп азғырады, өздері сол араздықтан азық табады.
  • Ұлықтар бірін сүйеймін деп бірін, екіншісін сүйеймін деп екіншісін жейді; қара халық партиялас болып, басын, ауылын, қатын-баласын сатады.
  • Ұры мен бұзақы жоғалса, бай барын бағып, кедей жоғын іздеп, ел еңбекке кірісер еді. Абай сұрайды: «бұзақының тіліне еретұғын, азатұғын байларды кім тыяды?»

Қиын сөздер

Бұзақы
ел арасына іріткі салатын, арандатушы.
Даугер
дау айтушы, талап қоюшы.
Ұлық
әкім, бастық.
Сойыл соғу
біреудің жағында төбелесу, оны жақтау.
Серт
уәде, ант.

Ойлануға сұрақ

Біздің ортада біреуді біреуге айдап салып, пайда көретіндер бар ма — біз оларға қалай қараймыз?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу