45 / 45 · 0%
45 / 451 мин

Махаббат пен әділет

45-қара сөз · Алланың барлығының дәлелі


Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі - неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа және неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.

Адамшылықтың алды - махаббат, ғадаләт, сезім. Бұлардың керек емес жері жоқ, кіріспейтұғын да жері жоқ. Ол - жаратқан тәңірінің ісі. Айғыр биеге ие болмақта да махаббат пен сезім бар. Бұл ғадаләт, махаббат сезім кімде көбірек болса, ол кісі - ғалым, сол - ғақил. Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп.

0 Барлық 45 сөзҚайта оқу

Түсіндірме

45-қара сөз · Алланың барлығының дәлелі

Негізгі ой

Абай: құдайдың барлығының үлкен дәлелі — мыңдаған жыл бойы әр халық әртүрлі тілде бір ұлы құдай бар деп келгені, ал барлық діндер ғадаләт пен махаббатты құдайға лайық санағаны. Адамшылықтың басы да — махаббат, әділет, сезім.

Қарапайым тілмен

  • Неше мың жылдан бері әркім әртүрлі сөйлесе де, «бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі» — үлкен дәлел.
  • Неше мың түрлі діннің бәрі де «ғадаләт, махаббат құдайға лайықты» деген.
  • «Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз.»
  • «Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес» — өзің сенгенмен, өзгені зорлап сендіре алмайсың.
  • «Адамшылықтың алды - махаббат, ғадаләт, сезім.»
  • Махаббат, ғадаләт, сезім кімде көбірек болса, «ол кісі - ғалым, сол - ғақил».
  • Ғылымды біз ойдан шығармаймыз: жаралған дүниені «көзбен көріп, ақылмен біліп» сеземіз.

Қиын сөздер

Ғадаләт
әділет.
Пенде
құдайдың құлы, адам.
Хикмет
даналық, терең мағына.
Ғақил
ақылды, дана.
Инану
сену.

Ойлануға сұрақ

Сенің ойыңша, махаббат пен әділет адамды қалай дана етеді?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу