25 / 45 · 0%
25 / 453 мин

Әлемдік білімге ұмтылу

25-қара сөз · Орыс грамотасын үйрен


Балаларды оқытқан да жақсы, бірақ құлшылық қыларлық қана, түркі танырлық қана таза оқыса болады. Оның үшін бұл жер дарулхарап, мұнда әуелі мал табу керек, онан соң араб, парсы керек. Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын? Ашап-ішімге малдың тапшылығы да ағайынның араздығына уә әртүрлі пәлеге, ұрлық, зорлық, қулық, сұмдық секілді нәрселерге үйірлендіруге себеп болатұғын нәрсе. Мал тапса, қарын тояды. Онан соң, білім түгіл өнер керек екен. Соны үйренейін не балама үйретейін деп ойына жақсы түседі. Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек.

Жорғалықпенен көңілін алсам екен деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың күлгені керек деп, к…і ашылса да, қам жемейді. Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек. Қазір де орыстан оқыған балалардан артық жақсы кісі шыға алмай да тұр. Себебі: ата-анасы, ағайын-туғаны, бір жағынан, бұзып жатыр. Сүйтсе де, осы оқыған балалар – ана оқымаған қазақ балаларынан үздік, озық. Не қылса да сөзді ұқтырса болады оларға. Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта, кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын? Және де кейбір қазақтар ағайынымен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді, құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанменен не бола қойсын?

Сонда да өзге қазақ балаларынан артық үйренгені немене, қай көп үйреніпті? Кірді, шықты, ілді, қайтты, түбегейлеп оқыған бала да жоқ. Әкесі ел ақшасымен оқығанға әрең оқытады, өз малын не қылып шығарсын?

Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес. Құдайдан қорық, пендеден ұял, балаң бала болсын десең – оқыт, мал аяма! Әйтпесе, бір ит қазақ болып қалған соң, саған рахат көрсете ме, өзі рахат көре ме, я жұртқа рахат көрсете ме?

0 Келесі сөз26. Бос даңқ пен бәсеке

Түсіндірме

25-қара сөз · Орыс грамотасын үйрен

Негізгі ой

Абай балаларды оқытуды жақтайды: алдымен мал тауып, қарын тойғызу керек, содан соң білім мен өнерге құмарлық оянады. Ол орысша оқуды ұсынады: «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті».

Қарапайым тілмен

  • Құлшылық қыларлық, түркі танырлық оқу жақсы, бірақ «Қарны аш кісінің көңілінде ақыл, бойында ар, ғылымға құмарлық қайдан тұрсын?»
  • Мал тапшылығы араздыққа, ұрлық-зорлыққа себеп болады; мал тапса — білім мен өнер керек екенін түсінеді.
  • «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр»; тілін білсең, «көкірек көзің ашылады».
  • Біреудің тілін, өнерін білген адам онымен тең болады, жалынбайды.
  • Орысша оқытқан баласының білімімен қайта қазақты аңдығысы келетіндер бар — Абай мұндай ниетті теріс санайды: оқу адал еңбекке, елді қорғауға, халық қатарына қосылуға керек.
  • Абай кеңесі: «балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, балаңа орыстың ғылымын үйрет!»

Қиын сөздер

Дарулхарап
дін мен тәртібі әлсіреген, берекесі кеткен жер.
Хикмет
даналық.
Дағуа
талап; «бірдейлік дағуасына кіреді» — теңдік талап етеді.
Енші
үйленген балаға бөліп берілетін мал-мүлік.
Жорғалық
жағымпаздық, біреуге жарамсақтану.

Ойлануға сұрақ

Қай тілді немесе білімді меңгерсең, көкірек көзің ашылар еді?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу