26 / 45 · 0%
26 / 452 мин

Бос даңқ пен бәсеке

26-қара сөз · Үлкен жау — өз бауыр


Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады. Білмеймін, содан артық қуанышы бар ма екен? Әй, жоқ та шығар! Осы қуаныш бәрі де қазақ қарындастың ортасында бір хайуанның өнерінің артылғанына я бір бөтен адамның жыққанына мақтанарлық не орны бар? Ол озған, алған, жыққан өзі емес, яки баласы емес. Мұның бәрі – қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ, биттей нәрсені бір үлкен іс қылған кісідей қуанған болып, ана өзгелерді ызаландырсам екен демек. Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс. Әншейін біреуді ыза қылмақтың несін дәулет біліп қуанады екен? Жә, болмаса, ана ыза болушы соншалық неге жер болып қалады екен

Жүйрік ат – кейде ол елде, кейде бұл елде болатұғын нәрсе, қыран құс та, жүйрік ит те – кейде оның қолына, кейде мұның қолына түсетұғын нәрсе. Күшті жігіт те үнемі бір елден шыға ма? Кейде ана елден, кейде мына елден шығады. Мұның бәрін адам өз өнеріменен жасаған жоқ. Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін де біле тұра, жерге кіргендей болып я бір арамдығы, жамандығы шыққандай несіне ұялып, қорланады екен?

Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді. Һәм ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды. Мұның бәрі – надандық, ақымақтықтың әсері. Бұларын айтсаң, кейбіреуі «рас, рас» деп ұйыған болады. Оған нанба, ертең ол да әлгілердің бірі болып кетеді. Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тиянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің.

0 Келесі сөз27. Жаратылыстың даналығы

Түсіндірме

26-қара сөз · Үлкен жау — өз бауыр

Негізгі ой

Абай қазақтың аты озса, балуаны жықса, құсы алса, есі шыға қуанатынын сынайды: бұл — өзгені ызаландыру үшін ғана, өйткені «қазақтың қазақтан басқа жауы жоқ». Надан ел қуанбас нәрсеге қуанып, ұялмас нәрседен ұялады.

Қарапайым тілмен

  • Озған, алған, жыққан — өзі емес, баласы да емес; бір хайуанның өнеріне мақтанудың орны жоқ.
  • Мұндай қуаныштың мақсаты — «ана өзгелерді ызаландырсам екен».
  • «Біреуді ызаландырмақ — шариғатта харам, шаруаға залал, ақылға теріс».
  • Жүйрік ат, қыран құс, күшті жігіт кейде бір елде, кейде басқа елде шығады — жеңілгенге жерге кіргендей ұялудың жөні жоқ.
  • Надан ел туралы Абай: «ұялғандары ұялмас нәрседен ұялады, ұяларлық нәрседен ұялмайды».
  • Айтсаң «рас, рас» дейді, бірақ ертең тағы әдетіне түседі; жаман әдетін тек қорыққанда не өлгенде тастайды.

Қиын сөздер

Балуан
күрескер.
Харам
дінде тыйым салынған.
Шариғат
ислам заңдары.
Тиянақсыздық
тұрақсыздық.

Ойлануға сұрақ

Біреудің жеңісіне қуану мен біреуді ызаландыру арасындағы айырманы сезесің бе?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу