13 / 45 · 0%
13 / 452 мин

Саналы иман

13-қара сөз · Қараны ақ деме


Иман деген – Алла табарака уа тағаланың шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе керек. Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел – испат қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз.

Енді мұндай иман сақтауға қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын керек екен. Якини иманы бар деуге ғылымы жоқ, таклиди иманы бар деуге беріктігі жоқ, я алдағанға, я азғырғанға, я бір пайдаланғанға қарап, ақты қара деп, я қараны ақ деп, өтірікті шын деп ант ететұғын кісіні не дейміз? Құдай тағала өзі сақтасын. Әрнешік білмек керек, жоғарғы жазылмыш екі түрліден басқа иман жоқ. Иманға қарсы келерлік орында ешбір пенде Құдай тағала кеңшілігімен кешеді-дағы демесін, оның үшін Құдай тағаланың ғафуына яки пайғамбарымыздың шафағатына да сыймайды, мүмкін де емес. «Қылыш үстінде серт жоқ» деген, «Құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген жалған мақалды қуат көрген мұндай пенденің жүзі құрысын.

0 Келесі сөз14. Жүрек және адамдық

Түсіндірме

13-қара сөз · Қараны ақ деме

Негізгі ой

Абай иманның екі түрін атайды: ақылмен дәлелдеп сенетін «якини иман» және кітаптан оқып, молдадан естіп, берік сенетін «таклиди иман». Екеуі де жоқ, пайда үшін ақты қара дейтін адамның иманы жоқ.

Қарапайым тілмен

  • Иман — Алланың бірлігіне, барлығына және пайғамбар арқылы жіберген жарлығына мойын ұсынып сену.
  • Бірінші түрі — не нәрсеге сенсе, соның ақиқатына ақылмен дәлел келтіре алу. Мұны «якини иман» дейді.
  • Екінші түрі — кітаптан оқып, молдадан естіп сену; бірақ ол сондай берік болуы керек: өлтіремін десе де, мың адам мың түрлі іс көрсетсе де айнымау.
  • Мұндай иманды сақтауға «қорықпас жүрек, айнымас көңіл, босанбас буын» керек.
  • Ғылымы да, беріктігі де жоқ, пайда үшін «ақты қара деп, я қараны ақ деп» ант ететін адамды Абай қатты сынайды.
  • «Қылыш үстінде серт жоқ», «Құдай тағаланың кешпес күнәсі жоқ» деген мақалдарды жалған дейді.

Қиын сөздер

Якини иман
ақылмен, дәлелмен бекіген сенім.
Таклиди иман
естіп, үйреніп қабылдаған сенім.
Испат
дәлел, айғақ.
Ғафу
кешірім.
Шафағат
пайғамбардың арашалауы, кешірім тілеуі.
Пенде
адам, құдайдың құлы.

Ойлануға сұрақ

Сенің сенімің ақылмен түсінгенге ме, әлде естігенге ме сүйенеді?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу