15 / 45 · 0%
15 / 452 мин

Өмірді немен толтыру

15-қара сөз · Неменен тіршілік етесің?


Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.

Әуелі – пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.

Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмайды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.

Үшінші – әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.

Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы-мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к…н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.

Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?

0 Келесі сөз16. Жансыз құлшылық

Түсіндірме

15-қара сөз · Неменен тіршілік етесің?

Негізгі ой

Абай ақылды мен ақылсыздың айырмасын айтады: ақылды орынды іске қызығып, өмірін өкінбестей өткізеді; есер баянсыз нәрсеге құмартып, ең қымбат шағын босқа жібереді. Абай өзіңнен өзің есеп ал деп кеңес береді.

Қарапайым тілмен

  • Адам дүниеде ешнәрсеге қызықпай жүре алмайды; сол қызықты іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып есте қалады.
  • Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді; кейін ол туралы айтса құлақ, ойласа көңіл сүйсінеді, өкініші болмайды.
  • Есер кісі баянсыз нәрсеге қызығып, өмірінің қымбат шағын «итқорлықпен» өткізеді; жастығы тозбайтындай көрініп, кейін өкінеді.
  • Әр құмарлық — бір дерт; қалаған нәрсеге жеткенде бір түрлі мастық пайда болып, ақылдың көзін байлайды.
  • Сол кезде есті кісі есін жоғалтпай, бойын сынатпай ізденеді; есер «жынды кісіше» шаба береді.
  • Есті болғың келсе, «күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!»

Қиын сөздер

Парқ
айырма, айырмашылық (парық).
Есер
ақылсыз, жеңілтек.
Итқорлық
қорлық, азап.
Оғат
орынсыз, ерсі қылық.
Мәртебе
мұнда — рет.

Ойлануға сұрақ

Өткен аптаңды қалай өткіздің — өзіңе есеп беріп көрші?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу