44 / 45 · 0%
44 / 452 мин

Талап адамды өсіреді

44-қара сөз · Олардың ұмтылыстары


Адам баласының ең жаманы - талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Оның үшін өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер дейді.

Талаптың ішінде адам баласы көбінесе басына қадір іздеп, сол талапта болады. Біреу мал қуып жатыр. Сараңдықпен, арамдықпен, әйтеуір мал тапсам, «Мал тапқан ердің жазығы жоқ» дейтұғын, «Малдының беті жарық» дейтұғын мақалға сеніп, халықтың түріне қарай, ит те болса, малдыны сөге алмайды деп, бұл мал һәм пайда, һәм қасиет болады бойыма дейді. Мұнысы рас, қазақтың өз құлқына қарағанда. Бірақ адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс. Осыған орай біреу ер атанамын, біреу қажеке атанамын, біреу молдеке атанамын, біреулер білгіш, қу, сұм атанамын деп, сол харекетте жүр. Әрқайсысы қазаққа яки бірі бар, бірі жоқ болса, бағанағы екі бұлдамақ та болып, басына «осыным бірсыпыра елеу азық болар» деген талаппенен қылып жүр. Мұнысы қазақтың тамырын ұстап-ұстап қарайды дағы, «мынаны алып келіп берсе, қымбат алғандай екен, осы күнде мына бір істің біраз пұлы бар екен» деп, қазақтың өз бетінен оқып, ізденген талап болмаса, кітап бетінен оқып іздеген талап емес. Оның үшін кітап сөзіменен ізденген талап болса, әуелі көкіректі тазалау керек дейді, онан соң ғибадат қыл дейді. Қазақтың бетіне қарап, содан оқыған болса, ол талабыңды қыла бер, көкіректі тым тазалаймын деме, оны кім көріп жатыр, ішінде қатпар көп болмаса, құт-берекеге жағымды болмайды дейді. Енді осыған қарап, қайдан оқып, біліп, ұмтылған талап екенін білерсің.

0 Келесі сөз45. Махаббат пен әділет

Түсіндірме

44-қара сөз · Олардың ұмтылыстары

Негізгі ой

Абай: адамның ең жаманы — талапсыз. Бірақ талап та әртүрлі: көп адам атақ пен «бәрекелді» іздейді, мал мен даңқ қуады, кітаптан емес, қазақтың бетіне қарап не бағалы екенін есептейді. Ал шын талап алдымен көкіректі тазалаудан басталады.

Қарапайым тілмен

  • «Адам баласының ең жаманы - талапсыз.»
  • Талапты да, талапсыз да «бәрекелдіні» керек қылады — орынды ма, орынсыз ба, мақтаушыны көңіл іздейді; оны әсіресе өз серіктерінен күтеді.
  • Біреулер «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Малдының беті жарық» деген мақалға сеніп, сараңдықпен, арамдықпен мал қуады.
  • Абай: бұл қазақтың құлқына қарағанда рас, бірақ «адамдыққа, ақылға қарағанда, қазақ түгіл, көңіл жиіркенетұғын іс».
  • Біреу ер, біреу қажеке, біреу молдеке, біреу білгіш, қу атанғысы келеді.
  • Олар кітаптан оқымай, «қазақтың тамырын ұстап-ұстап» қарап, бүгін не бағалы екенін есептейді.
  • Кітаптан шыққан талап айтады: «әуелі көкіректі тазалау керек», онан соң ғибадат.

Қиын сөздер

Талап
ұмтылыс, бір мақсатқа талпыну.
Тұрлаулы
тұрақты, берік.
Қажеке
қажыға құрметпен айтылатын сөз.
Молдеке
молдаға құрметпен айтылатын сөз.
Ғибадат
құлшылық.
Қатпар
бүкпе, жасырын ой.

Ойлануға сұрақ

Сен кімнің мақтауын күтесің, ол сені жақсы жолға бастай ма?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу