1 / 45 · 0%
01 / 452 мин

Ойды қағазға түсіру

1-қара сөз · Мылқау кереңге


Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал, енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын.

Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ. Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді құдай сақтасын!

Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын. Балалар өздеріне керегінше өздері бағар. Енді қартайғанда қызығын өзің түгел көре алмайтұғын, ұры, залым, тілемсектердің азығын бағып беремін деп, қалған аз ғана өмірімді қор қылар жайым жоқ.

Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ. Білгеніңді кімге үйретерсің, білмегеніңді кімнен сұрарсың? Елсіз-күнсізде кездемені жайып салып, қолына кезін алып отырғанның не пайдасы бар? Мұңдасып шер тарқатысар кісі болмаған соң, ғылым өзі – бір тез қартайтатұғын күйік.

Софылық қылып, дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған да тыныштық керек. Не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы елде, осы жерде не қылған софылық!

Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын. Бағар едім, қалайша бағудың мәнісін де білмеймін, не болсын деп бағам, қай елге қосайын, қай харекетке қосайын? Балаларымның өзіне ілгері өмірінің, білімінің пайдасын тыныштықпенен көрерлік орын тапқаным жоқ, қайда бар, не қыл дерімді біле алмай отырмын, не бол деп бағам? Оны да ермек қыла алмадым.

Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ.

0 Келесі сөз2. Өзгені менсінбеу қатесі

Түсіндірме

1-қара сөз · Мылқау кереңге

Негізгі ой

Абай қартайған шағында қалған өмірін немен өткізерін ойлайды. Ел басқару, мал бағу, ғылым, дін, бала тәрбиесі — ешқайсысынан жол таппай, ақырында ойларын қағазға жазуды таңдайды. Қара сөздер осылай басталады.

Қарапайым тілмен

  • Абай өткен өмірінің көбі дау-дамаймен, тартыспен өткенін, ол істердің баянсыз болғанын мойындайды.
  • Ел басқарғысы келмейді: бұл — ауыр жүк, оны албырт жастар алсын дейді.
  • Мал бағуды да қаламайды: ұры-қарыға мал жинап беріп, қалған өмірді қор қылғысы келмейді.
  • Ғылыммен айналысуға сөйлесетін адам жоқ: білгеніңді үйрететін, білмегеніңді сұрайтын кісі болмаса, ғылым — «бір тез қартайтатұғын күйік».
  • Дінге берілуге тыныштық керек, ал онда тыныштық жоқ. Балаларды тәрбиелеуге де жол көрмейді: олардың білімі қайда керек болатынын білмейді.
  • Сондықтан ойға келгенін жазуға бел буады: кімге керек болса — оқысын, керек болмаса — сөзі өзінде қалсын.

Қиын сөздер

Мылқау кереңге
сөйлей алмайтын адамның естімейтін адамға айтқаны: тыңдаушысы жоқ сөздің бейнесі.
Әурешілік
бос әуре, пайдасыз әбігер.
Баянсыз
тұрақсыз, ұзаққа бармайтын.
Қоршылық
қорлық, адамды төмендететін күй.
Софылық
дүниеден безіп, тек құдайға құлшылық ету.
Кездеме, кез
мата және оны өлшейтін ескі өлшем, шамамен 71 сантиметр.
Ермек
көңіл көтеретін, уақыт өткізетін іс.

Ойлануға сұрақ

Басқалар бағаламаса да істей беретін ісің бар ма?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу