6 / 45 · 0%
06 / 452 мин

Ақыл бірлігі

6-қара сөз · Сырттай батыр, іштей жалтақ


Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады – білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне-бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін-бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?

«Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады.

Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөзұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.

Кеселді жалқау, қылжақбас,

Әзір тамақ, әзір ас,

Сыртың – пысық, ішің – нас,

Артын ойлап ұялмас, —

болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.

0 Келесі сөз7. Білімге құштарлық

Түсіндірме

6-қара сөз · Сырттай батыр, іштей жалтақ

Негізгі ой

Абай «Өнер алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» мақалын басқаша түсіндіреді: бірлік — малға емес, ақылға бірлік; тірлік — жай тірі жүру емес, көкіректің, көңілдің тірілігі.

Қарапайым тілмен

  • Қазақ бірлікті «ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ» болу деп түсінеді. Олай болса, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал?
  • Бірлік малға сатылса — «антұрғандықтың басы осы»: мал берсең, бөтендер де жалданып бірлік қылады.
  • Ағайын бір-бірінен алмай бірлік қылса, әркім өз несібесін құдайдан, еңбектен іздейді; әйтпесе бір-біріне пәле іздеп, алдайды.
  • Жай тірі жүру итте де бар. Мұндай тірлікті қымбат көрген адам өлімнен қорқып, қорқақ, еріншек атанады.
  • Шын тірлік — «Көкірегі, көңілі тірі болса» ғана. Көкірегің өлі болса, ақыл да, адал еңбек те қонбайды.
  • Жалқау, сырты пысық, іші нас, ұятсыз болып жүргеннен «ақ бұйрықты өлімнің өзі артық».

Қиын сөздер

Тірлік
тіршілік, өмір сүру.
Несібе
адамға бұйырған ырыс, үлес.
Антұрғандық
арсыздық, бұзықтық.
Ез
жігерсіз, бойкүйез.
Нас
былғаныш, лас.
Ақ бұйрықты өлім
құдай жазған, өз ажалымен келген өлім.

Ойлануға сұрақ

Сенің ортаңдағы бірлік неге сүйенеді — ортақ пайдаға ма, ортақ ойға ма?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу