5 / 45 · 0%
05 / 452 мин

Арсыз байлыққа құмарлық

5-қара сөз · Олардың құндылықтар жүйесі


Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады. Қазақтар: «Ә, құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілегенін өзім көрдім. Онысы — жас баладан гөрі өзі есті кісі болып, ескермес нәрсесі жоқсып, қайғылы кісі болғансығаны. Қайғысы не десең, мақалдарынан танырсың: әуелі — «Түстік өмірің болса, күндік мал жи», «Өзіңде жоқ болса, әкең де жат», «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Ер азығы мен бөрі азығы жолда», «Ердің малы елде, еріккенде қолда», «Берген перде бұзар», «Алаған қолым — береген», «Мал тапқан ердің жазығы жоқ», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз», «Қарның ашса, қаралы үйге шап», «Қайраны жоқ көлден без, қайыры жоқ елден без» деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Бұл мақалдардан не шықты? Мағлұм болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, мал үшін қам жейді екен, бірақ ол малды қалайша табуды білмейді екен, бар білгені малдыларды алдап алмақ яки мақтап алмақ екен, бермесе оныменен жауласпақ екен. Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен. Әйтеуір ұрлық, қулық-сұмдық, тіленшілік, соған ұқсаған қылықтың қайсысын болса да қылып жүріп, мал тапса, жазалы демесек керек екен.

Бұларының жас баланың ақылынан несі артық? Бірақ, жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен. Сол ма артылғаны? Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?

0 Келесі сөз6. Ақыл бірлігі

Түсіндірме

5-қара сөз · Олардың құндылықтар жүйесі

Негізгі ой

Қазақтар «жас баладай қайғысыз қыла гөр» деп тілейді, бірақ олардың қайғысы — тек мал. Абай мал туралы мақалдарды келтіріп, оларда білім мен әділет туралы бір сөз жоқ екенін көрсетеді.

Қарапайым тілмен

  • Қайғы көкіректе сыймай, не көз жасы, не сөз болып ағады; ал қазақ өзін жас баладан есті, қайғылы санайды.
  • Олардың қайғысын мақалдарынан тануға болады: «Мал – адамның бауыр еті», «Малдының беті – жарық, малсыздың беті – шарық», «Байдан үмітсіз – құдайдан үмітсіз».
  • Бұдан шығатыны: қазақ тыныштық, ғылым, білім, әділет үшін емес, мал үшін қам жейді, бірақ малды адал табуды білмейді.
  • Малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді; ұрлықпен, қулықпен, тіленшілікпен тапқан малды да айып санамайды.
  • Жас бала қызыл ошақтан қорқады, бұлар тозақтан да қорықпайды; бала ұялса жерге енердей болады, бұлар ұялмайды. «Іздеген еліміз сол ма?» — дейді Абай.

Қиын сөздер

Бауыр еті
ең жақын, жанға жақын нәрсе (көбіне бала туралы айтылады).
Шарық
қайрақ тас; мұнда — сұсты, күңгірт бет.
Қайран
көлдің таяз жері.
Тозақ
о дүниедегі жазалау орны.
Мағлұм
белгілі, анық.

Ойлануға сұрақ

Біз бүгін қандай мақалдарды жиі айтамыз — олар бізді неге үйретеді?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу