14 / 45 · 0%
14 / 452 мин

Жүрек және адамдық

14-қара сөз · Ол адам ба?


Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені – батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар – жүрек ісі. Асықтық та – жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса, мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры – әншейін жүректі емес, қасқыр жүректі деген сөз.

Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады. Білместігімнен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Білімді білсе де, арсыз, қайратсыздығынан ескермей, ұстамай кетеді. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады. Осы жұрттың көбінің айтып жүрген мықты жігіт, ер жігіт, пысық жігіт деп ат қойып жүрген кісілерінің бәрі – пәлеге, жаманшылыққа еліртпек үшін, бірін-бірі «айда, батырлап!» қыздырып алады да, артын ойлатпай, азғыратұғын сөздері. Әйтпесе Құдайға терістіктен, не ар мен ұятқа терістіктен сілкініп, бойын жиып ала алмаған кісі, үнемі жаманшылыққа, мақтанға салынып, өз бойын өзі бір тексермей кеткен кісі, тәуір жігіт түгіл, әуелі адам ба өзі?

0 Келесі сөз15. Өмірді немен толтыру

Түсіндірме

14-қара сөз · Ол адам ба?

Негізгі ой

Абай «жүректі» сөзінің мағынасын кеңейтеді: қазақ жүректі деп тек батырды айтады, ал шын жүрек — рақым, мейірім, адалдық, әділдікті мойындау. Қайраты жоқ, жаманшылықтан бойын жия алмаған адамға Абай сұрақ қояды: «әуелі адам ба өзі?»

Қарапайым тілмен

  • Рақымдылық, мейірбандылық, біреуді өз бауырым деп ойлау — бұлар «жүрек ісі». Асықтық та жүректен шығады.
  • Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды.
  • Шын батырлық — уәдеде тұру, жаманшылықтан тез бой жию, көштің соңынан итше ермей, адасқан көптен бөлініп шығу, әділ ақыл мойындағанды қиын болса да мойындау.
  • Әйтпесе қазақтың батыры — «қасқыр жүректі» ғана.
  • Қазақ ақылсыздығынан емес, жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады; «Білместігімнен қылдым» дегенге Абай нанбайды.
  • Бірін-бірі «айда, батырлап!» деп жаманшылыққа қыздыратындар тәуір жігіт түгіл, адам атына лайық па?

Қиын сөздер

Асықтық
ғашықтық, махаббат.
Уағда
уәде.
Байлаулылық
тұрақтылық, бекемдік.
Елігу
еріп кету, қызығып кету.
Жігер
күш, табандылық.

Ойлануға сұрақ

Сен үшін нағыз батырлық не — күш пе, әлде әділдікті мойындай білу ме?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу