9 / 45 · 0%
09 / 452 мин

Елге деген ауыр махаббат

9-қара сөз · Олардың арасында өмір жоқ


Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса, мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ. Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді.

Мен өзім тірі болсам да, анық тірі де емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себептен бе? — еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем,қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі.

Қайратты күнімде қазақты қиып бөтен жаққа кетпек түгіл, өзін жақсы көріп, үміт етіп жүріппін. Қашан әбден біліп, үмітімді үзген кезде, өзге жаққа барып, жатты өз қылып, үйір боларлық кайрат, жалын сөніп те қалған екен. Сол себептен бір жүрген қуыс кеудемін. Тегінде ойлаймын: бұ да жақсы, өлер кезде «әттегене-ай, сондай-сондай қызықтарым қалды-ау!» деп қайғылы болмай, алдыңғы тілеу болмаса, артқа алаң болмай өлуге.

0 Келесі сөз10. Мұра емес, тәрбие

Түсіндірме

9-қара сөз · Олардың арасында өмір жоқ

Негізгі ой

Абай өз-өзіне сұрақ қояды: «Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» Жақсы көрсе, қылықтарын қостар еді; жек көрсе, араласпас еді. Екеуі де емес — бұл оның ішкі күйзелісі.

Қарапайым тілмен

  • Жақсы көрсе, бойларынан көңілге тиянақ боларлық бір жақсы қасиет табар еді — ондай таппайды.
  • Жек көрсе, сөйлеспес, кеңеспес, тіпті көшіп кетер еді — оны да істей алмайды.
  • Оларды түзеймін деген үміті де жоқ. Абай: «Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты» дейді.
  • Ашуланса — ызалана алмайды, күлсе — қуана алмайды: сөзі де, күлкісі де өзінікі емес сияқты.
  • Жас кезінде халқын жақсы көріп, үміт еткен; үміті үзілгенде, бөтен жаққа кетуге қайраты қалмаған — «бір жүрген қуыс кеудемін».
  • Соның өзінде жұбаныш табады: өлерде «әттегене-ай» деп өкінбей, дүниеге алаң болмай кетуге болады.

Қиын сөздер

Тиянақ
сүйеу, тірек.
Мәжілістес
бірге отырып әңгімелесетін.
Қайрат
күш-жігер.
Қуыс кеуде
іші бос, жаны жоқ адам.
Үйір болу
бауыр басу, жақын болу.

Ойлануға сұрақ

Біреуді әрі жақсы көріп, әрі оған қатты ренжіп жүрген кезің болды ма?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу