21 / 45 · 0%
21 / 452 мин

Мақтан және бос мақтау

21-қара сөз · Мақтаншақ — адам емес


Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы – қиын іс. Сол мақтан деген нәрсенің мен екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін. Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады. Екінші, мақтаншақ деген біреуі «демесін» демейді, «десін» дейді. Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, әрдайым не түрлі болса да, «десін» деп азаптанып жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді. Ұмытпақ түгіл, әуелі іс екен деп ескермейді. Мұндай мақтаншақтардың өзі үш түрлі болады. Біреуі жатқа мақтанарлық мақтанды іздейді. Ол – надан, ләкин надан да болса адам. Екіншісі өз елінің ішінде мақтанарлық мақтанды іздейді. Оның надандығы толық, адамдығы әбден толық емес. Үшіншісі өз үйіне келіп айтпаса, я ауылына ғана келіп айтпаса, өзге кісі қостамайтын мақтанды іздейді. Ол – наданның наданы, ләкин өзі адам емес.

Жатқа мақталсам екен деген елім мақтаса екен дейді. Еліме мақталсам екен деген ағайыным мақтаса екен дейді. Ағайынның ішінде өзі мақтау іздеген өзімді өзім мақтап жетем дейді.

0 Келесі сөз22. Кімді шын құрметтеу

Түсіндірме

21-қара сөз · Мақтаншақ — адам емес

Негізгі ой

Абай мақтанның екі түрін ажыратады: «үлкендік» — жаман атанбауға тырысу, және «мақтаншақтық» — қалайда мақталуды іздеу. Мақтаншақтың өзі үш түрлі, ең сорақысы — өз үйінде өзін-өзі мақтайтын.

Қарапайым тілмен

  • Адам мақтаннан мүлде аман болуы қиын.
  • Үлкендік — өзін бағалы санап, наданшылықтан, арсыздықтан, өсек-өтіріктен сақтану; бұл — «ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі».
  • Олар жақсы дегізуді емес, жаман дегізбеуді ойлап азаптанады.
  • Мақтаншақ «демесін» демейді, «десін» дейді: бай десін, батыр десін, пысық десін.
  • Біріншісі жатқа мақтанады — надан, бірақ адам; екіншісі өз елінде — адамдығы толық емес; үшіншісі өз үйінде ғана — «наданның наданы».
  • Ағайынның ішінде мақтау іздеген соңында «өзімді өзім мақтап жетем» дейді.

Қиын сөздер

Үлкендік
жаман атанбауға тырысатын абырой сезімі.
Байлаусыз
уәдесіз, тұрақсыз.
Кеселді
зиянды, жаман.
Жат
бөтен ел, жат жұрт.

Ойлануға сұрақ

Сен жақсы атануды көбірек ойлайсың ба, әлде жаман атанбауды ма?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу