8 / 45 · 0%
08 / 452 мин

Даналықсыз билік

8-қара сөз · Ар — малдан кем


Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?

Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығымдап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? — деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді.

Байлар, олар өздері де бір күн болса да, дәулет қонып, дүниенің жарымы басында тұр. Өзінде жоқты малыменен сатып алады. Көңілдері көкте, көздері аспанда, адалдық, адамдық, ақыл, ғылым, білім – ешнәрсе малдан қымбат демейді. Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білімі, ұяты, ары, жақыны – бәрі мал. Сөзді қайтіп ұқсын, ұғайын десе де, қолы тие ме? Ол малды суармақ, тойғызбақ; саудасын жиғызбақ, күзеттірмек, бақтырмақ, ұры-бөрі, қыс, суық-сұғанақ – солардан сақтанбақ, солардан сақтарлық кісі таппақ. Оның бәрін жайғастырып, аяғын алып келіп мақтанға орналастырғанша қашан? Қолы тимейді.

Енді ұры-залым, сұм-сұрқия өздері де тыңдамайды.

Онша-мұнша қой жүнді қоңыршалар күнін де көре алмай жүр. Аналар анадай болып тұрғанда, білім, ғылым, ақылды не қылсын? Және де білім, ғылым кедейге керегі жоқтай-ақ: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді. Оның өзгеменен ісі жоқ, ана алдындағы үшеуіндей болған жанның ойында ешбір қайғысы, мұңы болмаса керек.

0 Келесі сөз9. Елге деген ауыр махаббат

Түсіндірме

8-қара сөз · Ар — малдан кем

Негізгі ой

Абай «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?» деп сұрайды да, әр топты шолып шығады: болыс пен би, бай, ұры мен кедей — ешқайсысының ақыл тыңдауға не ниеті, не уақыты жоқ.

Қарапайым тілмен

  • Болыс пен би өздерін үздік кісі санап сайланды; ақыл үйренгісі келсе, ол орынға таласпас еді. Оның үстіне олардың ойы — ұлықтан жазалы болмау, шығынын толтыру.
  • Байлар үшін адалдық та, ақыл да, ғылым да малдан қымбат емес; «Мал болса, құдай тағаланы да паралап алса болады» дейді.
  • Байдың бар уақыты малға кетеді: суару, бағу, сату, ұры-бөріден, суықтан сақтау.
  • Ұры-залым, сұм-сұрқия ақыл тыңдамайды.
  • Кедей күнкөрістен басы шықпай: «Бізді не қыласың, ана сөзді ұғарлықтарға айт!» дейді — білім кедейге керек емес сияқты.

Қиын сөздер

Насихат
ақыл-кеңес, өнеге сөз.
Ұлық
жоғары лауазымды әкім, бастық.
Паралау
пара беріп сатып алу.
Сұм-сұрқия
алаяқ, айлакер, зұлым адам.
Қоңырша
момын, қарапайым кедей.

Ойлануға сұрақ

Ақыл-кеңесті тыңдауға уақытым жоқ деп жүрген кездерің бар ма?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу