20 / 45 · 0%
20 / 451 мин

Зерігу және бос өмір

20-қара сөз · Ақымақ бақытты


Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді. Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суый бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақлұққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?

Бірақ осы жалығу деген әрнені көрем деген, көп көрген, дәмін, бағасын, бәрінің де баянсызын біліп жеткен, ойлы адамнан шығады. Соншалық ғұмырының баянсызын, дүниенің әрбір қызығының акырының шолақтығын көрген-білгендер тіршіліктен де жалықса болады. Бұлай болғанда ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен деп ойлаймын.

0 Келесі сөз21. Мақтан және бос мақтау

Түсіндірме

20-қара сөз · Ақымақ бақытты

Негізгі ой

Абай адамға тағдырмен бірге берілген «жалығу» туралы айтады: тамақтан, ойыннан, мақтаннан, тойдан — бәрінен көңіл жалығады. Ол көп көрген, ойлы адамнан шығады; сондықтан Абай «ақымақтық, қайғысыздық та бір ғанибет екен» дейді.

Қарапайым тілмен

  • Тағдырдың жарлығы өзгермейді; жалығу — адаммен бірге жаратылған нәрсе, оған бір еліксе, құтылу қиын.
  • Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, тойдан да көңіл аз ба, көп пе, жалығады.
  • Дүние де, адамның қуаты мен ғұмыры да бірқалыпты тұрмайды: «Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?»
  • Жалығу көп көрген, бәрінің баянсызын білген ойлы адамнан шығады.
  • Сондықтан Абай ойланбайтын, қайғысыз адамның күйін бір ғанибет деп санайды.

Қиын сөздер

Жалығу
зеріну, бір нәрседен көңіл суу.
Ғайып
мін, кемшілік.
Мақлұқ
жаратылған тіршілік иесі.
Баянсыз
тұрақсыз, өткінші.
Ғанибет
олжа, бақыт.

Ойлануға сұрақ

Бір нәрседен жалықсаң, оны қалай жеңесің?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу