35 / 45 · 0%
35 / 451 мин

Пайдасыз тақуалық

35-қара сөз · Алланың соты


Махшарға барғанда Құдай тағала қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт – соларды қатар қойып, сұрар дейді. Дүниеде ғиззат үшін, сый-құрмет алмақ үшін қажы болғанды, молда болғанды, сопы болғанды, жомарт болғанды, шейіт болғандарды бір бөлек қояр дейді. Ахиретке бола, бір ғана құдай тағаланың разылығын таппақ үшін болғандарды бір бөлек қояр дейді.

Дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, батыреке аталмақ үшін өнер қылып едіңдер, ол дүниең мұнда жоқ. Сендердің ол қызықты дүниең харап болған, сонымен қылған өнерлерің де бітті. Енді мұнда құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер! Мал бердім, өмір бердім, не үшін сол малдарыңды, өмірлеріңді, бетіңе ахиретті ұстап, дін ниетің дүниеде тұрып, жұртты алдамақ үшін сарып қылдыңдар?» деп.

Ана шын ниетіменен орнын тауып, бір құдайдың разылығы үшін өнер қылғандарға айтар дейді: «Сендер бір ғана менің разылығымды іздеп малдарыңды, өмірлеріңді сарып қылып едіңдер, мен разы болдым. Сіздерге лайықты құрметті орным бар, дайын, кіріңдер! Һәм ол разылықтарыңнан басқа осы махшар ішінде, сендердің осы қылғаныңа өзі қылмаса да, іші еріп, ынтық болған достарың табылса, шафағат қылыңдар!» – деп айтар дейді.

0 Келесі сөз36. Шын ұят және ар

Түсіндірме

35-қара сөз · Алланың соты

Негізгі ой

Абай махшар күнгі сұрақ туралы айтады: құдай қажы, молда, сопы, жомарт, шейіттерді екіге бөледі — дүниеде құрмет үшін солай болғандарды және тек құдайдың разылығы үшін болғандарды.

Қарапайым тілмен

  • Сый-құрмет үшін қажы, молда, сопы, жомарт, шейіт болғандар бір бөлек тұрады.
  • Оларға құдай: «қажеке, молдеке, сопеке» аталмақ үшін өнер қылдыңдар, «ол дүниең мұнда жоқ» дейді.
  • Құрмет орнына енді сұрау береді: мал мен өмірді жұртты алдауға неге жұмсадыңдар?
  • Шын ниетпен, құдайдың разылығы үшін еңбек еткендерге: «мен разы болдым» дейді — оларға дайын құрметті орын бар.
  • Олар өздеріне іші жылыған достарына да шафағат ете алады.

Қиын сөздер

Махшар
қиямет күнгі жиналыс, сұрақ алынатын жер.
Ғиззат
құрмет, абырой.
Шейіт
дін жолында қаза тапқан адам.
Жомарт
қолы ашық, мырза адам.
Шафағат
біреу үшін араша түсу, кешірім тілеу.

Ойлануға сұрақ

Сен жақсылықты кім үшін істейсің — басқалар көрсін деп пе, әлде шын жүректен бе?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу