18 / 45 · 0%
18 / 451 мин

Жан сұлулығы маңызды

18-қара сөз · Ақымақтың көтерілуі


Адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп, һәм ол киімін былғап, былжыратып кимей, таза кимек – дұрыс іс. Ләкин өз дәулетінен артық киінбек, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ – кербездің ісі.

Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін «айран ішерім» деп, солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен ілгерілерге елеулі болып, өзі қатардағының ішін күйдіріп, өзінен кейіншілерге «әттең, дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?!» – дейтұғын болмаққа ойланбақ.

Мұның бәрі – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егерде бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген сөзге ұқсатамын. Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық.

0 Келесі сөз19. Тыңдап, ойланып үйрену

Түсіндірме

18-қара сөз · Ақымақтың көтерілуі

Негізгі ой

Абай таза, сыпайы киінуді дұрыс санайды, бірақ дәулетінен артық киініп, сән қуатын кербезді сынайды. Адам адамнан ақыл, ғылым, ар, мінезбен озуы керек.

Қарапайым тілмен

  • Жыртықсыз, кірсіз, сыпайы әрі таза киіну — «дұрыс іс».
  • Өз дәулетінен артық киініп, киімін тым айналдыру — «кербездің ісі».
  • Кербездің бір түрі бет-пішінін, мұртын, жүрісін, қас-қабағын қолдан түзетіп әуре болады.
  • Екінші түрі атымен, киімімен көзге түсіп, үлкендерге елеулі, құрдастарының ішін күйдіретін болуды ойлайды.
  • Абай «кербез» сөзін «кер, кердең немеден безіңдер» деп түсіндіреді.
  • «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ».

Қиын сөздер

Кербез
сәнқой, өзін көрсетуге құмар адам.
Кердең
тәкаппар, менмен.
Жұғымды
жұртқа ұнайтын, тартымды.
Сыпайы
әдепті, таза, ұқыпты.

Ойлануға сұрақ

Сен адамдарды неге қарап бағалайсың — киіміне ме, ақыл-мінезіне ме?

Бұл — редакцияның түсіндірмесі, Абайдың сөзі емес. Жасанды интеллект көмегімен дайындалды.

Цитатамен бөлісу